Бастауыш сынып мұғалімі шығармашылық пен әлеуметтік желідегі белсенділікті ұштастырып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырудың тиімді әдіс-тәсілін тапты. Қостанайдағы №21- мектептің 2- «Б» сыныбының жетекшісі шәкірттерімен бірге мектептегі күнделікті өмірді бейнелейтін көңілді роликтер түсіреді. Үзіліс кезінде сыныптың іші шағын түсірілім алаңы іспетті. Оқушылар идея ұсынып, қысқа бейнероликтер әзірлейді және оларды әлеуметтік желілерде жариялайды.

Осындай форматтағы контент көп ұзамай көрермендердің қызығушылығын тудырды. Мақал-мәтелдердің жалғасын табуға арналған алғашқы роликтердің бірі әлеуметтік желіде кең тарап, 9 миллионнан астам қаралым жинаған. Мұғалімнің айтуынша, бұл бастама оқу процесіне кедергі келтірмейді. Керісінше, балалардың өзіне деген сенімін арттырып, олардың көпшілік алдында еркін сөйлеуіне мүмкіндік береді.