Италияның Милан қаласында өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған қостанайлық шаңғышылар елге оралды. Виталий Пухкало мен Наиль Башмаков халықаралық додада тәжірибе жинақтап, маңызды сыннан өтті. Жерлестерін туған-туыстары, жанкүйерлер мен спорт саласының өкілдері қарсы алды.
2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Италияда өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында 36 спортшы өнер көрсетті. Шаңғы жарысында 10 шақырым қашықтыққа жеке старт бойынша 113 спортшы бақ сынады. Ұлттық құрама атынан үш шаңғышы қатысты. Олардың қатарында қостанайлық спортшылар да бар. Жарыс қорытындысы бойынша Виталий Пухкало 58-орынға тұрақтаса, Наиль Башмаков 75-сатыға жайғасты. Спортшылар бұл дода үлкен тәжірибе алаңы болғанын айтады.