Тобылдағы теміржол торабы жаңғырды
Бейімбет Майлин ауданы Тобыл кентіндегі теміржол вокзалы кешенді жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Тарихы 80 жылдан асатын ғимарат толық жаңартылып, жолаушылар үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасалды. Бұл - елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясындағы жұмыстардың бірі.
Тобыл вокзалы 1942 жылы салынған. Арада қанша жыл өтсе де, станцияның маңызы азайған жоқ. Керісінше, мұнда күніне жүздеген жолаушы қатынайды. Жаңғырту кезінде ғимараттың ішкі және сыртқы бөлігі түгелдей жаңарды. Жалпы аумағы - 420 шаршы метрден асады. Ал құрылыс жұмыстарына 721 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.