Орақ науқанының алғашқы күні комбайн өртенді
Өрт «ҚайсарАгро» ЖШС-нің егіс алқабында болған. Өрт комбайнның жоғарғы бөлігінде, қозғалтқыш орналасқан маңда тұтанған. Жұмысшылар бірден өртті өз күштерімен сөндіруге әрекет жасағанымен, жалын өте тез тараған. Шамамен бес минуттан кейін техника толық отқа оранған.
Шаруашылықта өрт қаупіне алдын ала дайындық жасалған. Әр техникада жарақталған өрт сөндіргіш, көлемі 30 литрлік су ыдысы және өрт сөндіруге арналған құрылғы болған. Егістік шетінде соқасы бар трактор мен сорғысы бар су таситын көлік те кезекшілікте тұрған.
Алайда бұл жолы өрт сөндіргіштер іс жүзінде көмектеспеген. Өйткені жалын өте жылдам күшейіп кеткен. Өрттің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Шаруашылықта бірнеше болжам қарастырылып жатыр, алайда түпкілікті қорытынды жасауға асықпай отыр. Жағдайды аптап ыстық та қиындатқан. Орақ науқаны кезінде қураған өсімдік, жоғары температура және жұмыс істеп тұрған техниканың болуы өрт қаупін арттырады. Кішкентай ғана өрт ошағы санаулы минуттың ішінде ірі өртке айналуы мүмкін. Абырой болғанда оған жол берілмеген.