Ел жадындағы тұлға
Торғайдың сайын даласы - талай тарихтың куәсі. Осы өңірде ұлттың рухани қазынасын түгендеп, елдік мұрат жолында еңбек еткен Өзбекәлі Жәнібековтің де өшпес ізі қалды. Арқалық төрінде өткен «Рух сардары» атты тағылымды кеш қайраткердің 95 жылдығына арналды. Жиында елдің әр өңірінен зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер адамдары бас қосты.
Өзбекәлі Жәнібековтің Торғайдағы бес жылдық қызметі - өңір тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. Осы жылдары ол мәдениет саласын дамытуға, тарихи мұраны жаңғыртуға айрықша үлес қосты. Бүгінде Өзағаңның ізі Арқалықтың ғана емес, тұтас елдің рухани тарихымен сабақтас. Мерейтойлық жиында шаһар әкімі айтулы күннің мәніне тоқталды.