Негізгі Жаңалықтар Қостанайда биыл 49 жол учаскесі жөнделеді

Қостанайда биыл 49 жол учаскесі жөнделеді

Қостанайда биыл 49 жол учаскесі жөнделеді

Бүгінде облыс орталығындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 423 шақырымды құрайды. Оның 99 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 27,8 шақырым жолды жөндеу және қалған 35 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 550 ауланың 515-і ретке келтірілді.

Ірі нысандардың қатарында Қарбышев, Қайырбеков, Қозыбаев және Комаров көшелері бар. Кейбір учаскелерде жөндеу жұмыстары аяқталса, енді бір бөлігінде жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар Абай көшесінен Баймағамбетов көшесіне дейінгі аралықтағы Нариманов көшесі де жөнделуде. Бұл учаскеде жолдың жүріс бөлігінің ені 8 метрден 14 метрге дейін кеңейтіліп, қосымша 48 автотұрақ орны салынады. Сондай-ақ қалада оңға бұрылуға арналған жолайрықтарды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы мұндай жұмыстар 14 қиылыста жүргізілсе, биыл тағы алты қиылыста жүзеге асырылады. Бұл шаралар жолдардың жекелеген учаскелеріндегі көлік қозғалысын жеңілдетіп, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі жөндеу жұмыстарының барлығын 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар қалада жаңа ірі жобаларға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Фролов көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі Баймағамбетов көшесін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Жобаның құны шамамен 5,3 млрд теңгені құрайды. Жұмыстарды екі жыл ішінде жүзеге асыру көзделген. Тағы бір ірі жоба — Береке шағынауданы аумағындағы К. Доненбаева көшесін қайта жаңғырту. Бұл жерде жолды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарлануда. Жобаны 2027–2028 жылдары іске асыру көзделген.


Бөлісу