Білім гранттарының иегерлері анықталды
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының нәтижесін жариялады. Биыл грант конкурсына шамамен 127 мың талапкер қатысып, олардың 75 мыңнан астамы білім грантының иегері атанды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өтініш санының 14 мыңға артқанын көрсетеді.
Мемлекеттік білім беру тапсырысының 60 пайызы инженерлік-техникалық бағыттарға бөлінді. Сонымен қатар өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам грант солтүстік, шығыс және орталық өңірлердегі жоғары оқу орындарына бөлінді. Конкурс барысында әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге арналған квоталар, халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына берілетін конкурстан тыс гранттар сақталды. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға 1816 грант бөлінді. Грант иегерлерінің тізімі министрдің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық ресурстарында жарияланды.