Бүгін әкімдікте өткен аппараттық кеңесте Қостанай қаласындағы кәсіпкерлік нысандарын абаттандыру, ғимараттардың сыртқы келбетін жақсарту және қалалық ортаны ретке келтіру мәселелері талқыланды.Абаттандыру қағидаларын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заң талаптарын бұзған тұлғаларға ескерту немесе әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
Айыппұл мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіштен (86 500 теңге) 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (432 500 теңге) белгіленген. Ал абаттандыру талаптарын бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда жауапкершілік күшейтіліп, айыппұл көлемі артады.Жыл басынан бері Қостанай қаласында абаттандыру ережелерінің сақталуына жүргізілген бақылау нәтижесінде жергілікті полиция қызметі 3589 әкімшілік хаттама толтырған. Оның ішінде 3534 жағдай бойынша ескерту берілсе, 43 құқық бұзушылық бойынша жалпы сомасы 886 625 теңге көлемінде айыппұл салынған.