Шомылу маусымы басталғалы Қостанай облысында судағы қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауға алынды. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі мен полиция қызметкерлері өзен-көл жағалауларында рейдтік жұмыстарды күшейтті.

Мамандар тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға кеңес беріп, рұқсат етілмеген орындардың қауіп төндіретінін ескертті. Рейд барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, балалардың ересектердің қарауынсыз суға түсуіне жол берілмейтіні айтылды.
Қазіргі таңда рейдтер тәулік бойы жүргізілуде. Облыста судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 120 құтқарушы кезекшілікке әзір, 35 арнайы техника мен 21 су көлігі сақадай сай тұр. Сонымен қатар қауіпті аумақтарға суға түсуге тыйым салынғанын білдіретін 433 ескерту белгісі орнатылған.Құтқарушылар жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады.