Қазақстан мен Ресей әлеуетті әріптес, стратегиялық серіктес. Сауда-экономикалық байланыстары үзілген емес. Ал, Қостанай облысының көршілес мемлекетпен сыртқы тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларына дейін жеткен. Ресейге экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі де көбейген. Мәселен, былтыр 58,7 млн доллардың тауары тасымалданыпты.
Дос елдердің достастық ниеті өзінің өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдеп үлгерген. Қостанай облысының сегіз ауданы көрші елмен шектеседі. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірдің Ресеймен арадағы сыртқы тауар айналымы 1,5 пайызға артқан. Бұл шамамен 284 миллион АҚШ доллары. Сыртқа тасымалданған өнімдердің басым бөлігі металл және минералды шикізаттарға тиесілі.