Елімізде 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің өкілдері мәлім етті.
Мәліметке сәйкес, тұжырымдама балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы барлық шаралар мен бағдарламаларды біріктіреді. Сонымен қатар тәжірибелік профилактикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, акциялар, тұрғылықты жері бойынша рейдтер, мектептердегі дәрістер, «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрбір мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Бұдан бөлек, құқықтық түсіндіру сабақтары ұйымдастырылып, «Ерлік сабағы» және жеке қауіпсіздік мәселелері бойынша дәрістер өткізіліп жүр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендеген.