Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға Мемлекеттік сапармен барды. Ислам Республикасы қазақ басшысын ерекше ілтипатпен қарсы алды. Нөмірі бірінші борт ел шекарасына кіргеннен бастап әскери әуе күштерінің ұшақтары қарсы алып, қапталдасып ұшты. Ал Исламабад әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты ел президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф қарсы алды. Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректен оқ атылды. Мемлекет басшысы ертең Пәкістан билігімен жоғары деңгейде келіссөздер жүргізеді. Негізгі тақырып саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жайы болмақ. Сонымен қатар Қазақстан – Пәкістан бизнес форумы өтеді. Сапар аясында бірқатар келісімге қол қойылады деп жоспарланған.