Қазақстандықтар сәуір айынан бастап жүргізуші куәлігін оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін де eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алады, деп хабарлайды ЖИ және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін қызмет тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ оны жоғалуы, ұрлануы немесе тегі, аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді ол құжат мерзімі өткен жағдайларды да қамтиды. Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санатына қолданылады. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін куәлікті ауыстыру кезінде көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет. Медициналық тексеруден өткен пайдаланушылардың мәліметтері өтінім беру сәтінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер пайдаланушы куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала ауыстырса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі - 60 минут, дейді мамандар.