Қостанайдағы «Киа» көлік құрастыру зауытының ұжымына жаңа Конституция жобасы түсіндірілді. Өңірдегі ірі кәсіпорын ұжымымен жүздескен облыс басшысы, Сенат депутаттары мен мәслихат өкілдері 15 наурызда өтетін референдумның мәні мен маңызына тоқталды. Кездесу аясында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер, азаматтардың құқықтарын кеңейту және білім мен инновацияны стратегиялық басымдық ретінде бекіту мәселелері сөз болды.

Өңір басшысы зауыттың елдегі машина жасау саласындағы негізгі орталықтардың бірі екенін, оның үлесіне жалпы көлемнің 25%-ы тиесілі екенін атап өтті. Облыс әкімі өткен жылдың орташа республикалық көрсеткіштерден жоғары нәтижелермен аяқталғанын еске салып, биыл да өсім қарқыны сақталатынына сенім білдірді. Кейін кездесудің себебін айтып, зауыт қызметкерлеріне үндеу жасады.