Қостанайда қала көшелері мен тротуарлардағы қар мен мұзды тазалау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Қыс мезгілінде жауған қар мен көктайғақ тұрғындардың жүріп-тұруына елеулі қиындық келтіріп, жол-көлік оқиғалары мен жарақат алу деректерінің артуына әсер етуде. Мердігер ұйымдар жоспарланған жұмыстардың кестеге сай орындалып жатқанын мәлімдегенімен, тұрғындар тарапынан арыз-шағым азаяр емес. Әсіресе, әлеуметтік нысандар маңы мен жаяу жүргіншілер жолдарының уақытылы тазаланбауы наразылық туғызуда.
Өткен аптада Aikomek қызмет көрсету орталығына 1000-нан астам адам қоңырау шалған. Тұрғындардың сұрақтары негізінен осыған қатысты. Тұрғындар аулалар мен ойын алаңдарын, сондай-ақ нысандарға кіреберістер мен жолдарды қарды тазалауды сұрап жатыр. Қала әкімі Марат Жүндібаев бұл жұмыстарды күшейтуді тапсырды.