Елордада «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жарыққа шығарған қазақ халқының ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасы топтастырылған 6 бөлімді «Асыл мұра» аудиожинағының таныстырылымы және жинаққа енген 1500 аудиошығарманың әлемдік музыкалық платформаларда жариялануына арналған салтанатты шара өтті.

Жинаққа «Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық және халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро ән енгізілді. Аудиожинақтың ерекшелігі – мұндағы 1500 шығарманың көбі аутентикалық формада, яғни, алғашқы орындаушылары жеткізген түпнұсқа күйінде берілген.

Жинақтағы аудиошығармалар Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты 100-ден астам әлемдік жетекші музыкалық платформаларға және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтына жүктелді.

«Асыл мұраға» кіретін шығармаларды іріктеу жұмыстарын осыдан 1,5 жыл бұрын бастадық. Бұл жұмысқа 50-ден астам маман атсалысты. Жинақтағы ең көне туынды осыдан бір ғасыр бұрын Әміре Қашаубаевтың орындауында жазылып алынған «Балқадиша» әні. «Алтын қорымызда» бұл шығарманың 24 әнші орындаған нұсқасы сақталған екен. Оның ең көне түпнұсқасы жинаққа кіріп қана қоймай, миллиондаған тыңдарманға интернет арқылы қолжетімді болады. Яғни, халықтық шығармаға айналған «Балқадиша» әнін бір ғасырдан соң тыңдаушы назарына дыбыстық өңдеуден өткізіп, жаңартып қайта ұсынып отырмыз», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.