Күзетші, аспаз, құрылысшы, сылақшы әлде тракторшы боласыз ба? Ол өз еркіңізде. Ең бастысы, еңбек етуге деген құлшынысыңыз оянса болғаны. Облыс орталығында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде осындай оннан көп кәсіп түрі таныстырылды тұрғындарға.
Жәрмеңкеге 20-дан астам кәсіпорын жетекшілері қатысып, 100-ге жуық жұмыс орындарын ұсынды.
Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі - өңірде дәстүрге айналған игі бастама. Ол - екі қолға бір күрек іздеген жұмыссыздар мен жұмыс берушілерге,қысқасы, қос тарапқа да өзінің пайдасын әкелген шарапатты шара. Бұл жолы да жұмыс іздеп келгендер мен жұмысшы іздеп келгендер көп болды.
Жәрмеңкеде жұмыс іздеп, еңбектенуге құлшыныс танытқандар арасында жастар да бар. Ол жағы енді түсінікті. Оқу бітірісімен жұмысқа орналасып, лайықты еңбекақы алу - қай- қайсысының болсын арманы. Айта кетейік, «Жұмыспен қамту орталығы» мамандары жуырда 94 түлекті «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр.