Кәмшат Дөненбаева 1943-ші жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданында туған. Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында бастады. 1961-ші жылдан Қостанай облысы Боровский ауданы Харьковский совхозында механизатор болып еңбек етті. Меңдіқара ауданындағы Каменьск-Уральский кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, кейін Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай бітірді. Оқу оқып жүріп, үйдің шаруасын да өзі үлгіртетін.
Кәмшат Дөненбаева өз өмірінің 35 жылын егіс алқабында өткізді. Қазақ қызының ерен еңбегі жоғары бағаланып, 1975-ші жылы жоғарғы кеңестің жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 20-сыншы ғасырдың 2-ші жартысында күллі Кеңес Одағына механизатор қазақ қызы болып танылған апамыз бірнеше істің басын бір арнаға тоғыстыра білді. Оның алып техниканы ұршықша игерген кәсіби шеберлігі барша қазақ қыздарына үлгі болды. Өз балалары үшін де өшпес өнеге қалдырды.
1980-85-ші жылдары КСРО-ның Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976-шы жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2 рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталды. Тәуелсіздік алғаннан соң да, елге ерен еңбегі сіңген асыл апамызға Елбасының да ерекше құрмет-қошемет көрсеткені белгілі.
Жазмыштан озмыш жоқ. Өкініштісі, өмірде ештеңе де, ешкім де мәңгілік емес. Алайда, адамның артында қалдырған игі ісі ешқашан ел жадынан өшпейді. Тракторшы қыздың тындырған толағай тірлігі тарих беттерінде алтын әріппен таңбаланады. Кәмшат Дөненбаеваны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 11-ші қараша күні сағат 10-да Қостанай қаласы Маяковский көшесіндегі орталық мешітте өтеді.