Азамат Есқалиев дәрігер-оториноларинголог. Ақтөбе облысндағы Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған соң екі жыл көлемінде нұр-сұлтан қаласында резидентурадан өткен. Мемлекеттік бағдарлама аясында Қызылорда облысынан отбасымен бірге Қостанай өңіріне келді. Медициналық ұйым оған үстемақы бөлген. Оның үстіне жалдап тұрған пәтерлерінің де ақшасын төлеп тұрады.

Еңбек жолын енді бастаған Розанна Нұрманова Қостанай қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында инфекционист-дәрігер болып жұмыс істейді. Жас маман – Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің биылғы түлегі. 9 жыл бойы білім алған: алдымен 5 жыл – бакалавриатта және 2 жыл интернатурада оқыпты. Кейін резидентураны аяқтап, осында жұмысқа орналасқан.

Бүгінде облыстық ауруханада 1200 маман еңбек етеді. Оның 192-сі жоғары білікті дәрігер, 457 медбике және аурухананың жұмысына жауапты өзге де сала мамандары бар. Бірақ  маман тапшылығы денсаулық сақтау саласы мекемесінде әлі де сезілуде. Атап айтсақ, 10 анестезиолог реаниматолог, 5 неонатолог және акушер-гинеколог, отоларинголог мамандары, инфекционист дәрігерлері қажет.

 Облыста маман мәселесін шешу үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Ауыл-аймақтарда жас мамандарға жағдай жасалып, мемлекеттен әлеуметтік жәрдем берілуде. Осылайша, медицина кадрларына деген тапшылық мәселесі бірте-бірте сәтімен шешіліп келеді. Бұған Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық колледждер арасындағы келісімшарттың жасалуы септігін тигізіп отыр дейді мамандар.