Қамбаны алтын астыққа, қораны малға толтырып, қысқы жем-шөпті молынан дайындап алған қостанайлық шаруа қауымы Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күнін дүбірлетіп атап өтті. Осы салада тер төгіп жүрген азаматтардың арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор қарыштап дамып келеді. Қостанайда ұйымдастырылған салтанатты жиында ел ырысын еселеп отырған еңбеккерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, үздіктер марапатталды.