Ел аузында бүрынғы совхоз атауымен «Қаратал» деп жиі айтылатын Ұзынағаш ауылы Ресеймен дәл шекара түбінде орналасқан. Екі араны Тобыл өзені ғана бөліп тұр. Жалпы жері құнарлы, шөбі шүйгін бұл аумақ егін егіп, мал өсіруге қолайлы.

Ұзынағаш ауылының мерейтойы дүбірлеген думанға ұласты. Жиылған халықтың көптігі ауыл халқының ауызбіршілігін асқақтата түскендей. Толассыз төгілген тілектер мен шырқалған әндерде шек болмады. Басынан бағы таймаған Қаратал ауылы алғаш рет өз туын бекіту де мерейтойдың мәнін арттыра түсті.