Батыр құрметіне орнатылған бюсттің ашылу рәсімінде алдымен әскери ұшқыштың өмір баяны айтылды. Марат Оразұлы бала шағынан болашағын әскери қызметпен тығыз байланыстырған. Ол ҚР әскери әуе күштерінің тәжірибелі ұшқыштарының бірі болатын. Авиация саласында 30 жылдан артық қызмет еткен. Өмірден өткенге дейін Қарағандыда 2 жылдан астам уақыт әуе базасын басқарды.
Ұшқыш оқу-жаттығу шаралары кезінде өмірін тәуекелге тігіп, бүтін бір елді мекен тұрғындарын ажалдан аман алып қалған. Егер ол істен шыққан ұшақты басқа жаққа бұрып әкетпегенде, ауыл үстіне құлауы ықтимал еді. Ол аумақ «Просторное» деген қазақ ортасы болатын. Ел үшін жанын қиған ұшқыш ерен ерлігі үшін I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ақой ауылында оның ескерткіш тақтасы тұр. Батырдың құрметіне туған жерінде де бюст орнатылды.
Шын мәнісінде, Марат Едігеевтің бала жасынан бастап әскери ұшақты таңдауы – тек Отанды сүю ғана емес, болмысындағы батырлық, қанындағы қайсарлық, түптеп келгенде, ер түрік бабаларынан дарыған даңқ жолының дара соқпағы шығар, бәлкім?
Оның туып-өскен жері Қостанай болғанымен, көзсіз ерлік көрсеткен жері Қарағанды!
Қалай десек те, Марат Қостанайдікі де, Қарағандынікі де емес, Марат – тұтас қазақтікі!