Негізгі Жаңалықтар Жаңа маршруттар тұрақты режимге көшеді

Жаңа маршруттар тұрақты режимге көшеді

Қостанайда екі ай бұрын жаңадан №4 және №6 автобус бағыты пилотты режимде іске қосылған болатын. Қоғамдық көліктер осы уақыт аралығында сынақтан сәтті өтіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Бұдан былай қызметін тұрақты жалғастырмақ.


Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, аталған маршруттардың тиімділігі туралы тасымалдаушылардан хат келген. Бұл ақпаратты AlemPay жүйесінің деректері де мақұлдап отыр. Жергілікті атқарушы орган тұрғындардың сұранысын ескеріп, жаңа бағыттарды тұрақты негізде қалдыруға шешім қабылдапты. Жаңа автобус бағыттарына қызмет көрсету және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін жақын арада тендер жарияланады. Конкурсқа ниет білдірген кез-келген жолаушылар тасымалын жүзеге асырушы ұйым қатыса алады.


Автобустардың қозғалыс уақыты мен жүру бағыттары сол күйі сақталады. №4 маршрут «Ұлы дала» саябағы, 7,8,9 шағын аудандар, Әуежай шағын ауданы, Солтүстік-Батыс ауданы, Kostanay Plaza СОО, индустриялы аймақты байланыстырады. Ал №6 маршрут Триатлон-парктен бастап Красный кузнец, қаланың орталық бөлігі, облыстық аурухана, Kostanay Plaza СОО, олимпиадалық резервтің бассейніне дейінгі аралыққа қатынайды. Жаңа маршруттар 1-маусымда пилотты режимде іске қосылғанын еске саламыз. Жергілікті билік екі ай мерзімде жолаушылар ағынын бақылап, ұсыныстар қабылдады. Мониторинг нәтижесінде қостанайлықтардың көптен күткен үміті ақталды. Себебі жаңа маршруттардың қажеттігін тұрғындар бұрыннан айтып жүр.  


Бөлісу