Бұл – Меңдіқара ауданынан шалғай орналасқан Ұзынағаш ауылы. Қарақоға ауылдық округіне қарайды. Шалғай ауыл болған соң проблемалары да жеткілікті. Аудан орталығынан көлікпен жету нағыз қияметтің қайымы. Кеңес өкіметі салып кеткен даңғыл жолдың жұрнағы да қалмаған. Орталықтандырылған ауыз су атымен жоқ, әр үйдегі құдықтар мен ұңғыма скважиналар, аудан орталығынан аптасына бір рет әкелінетін газ баллондар тауқіметі ұзынағаштықтардың еңсесін бір уақ та түсірмейтіндей. Туған ауылының болашағына сенімді, әлі де жол салынады, су келеді, халық ауылға қайта оралады деген үміт бар.

Тұрғындарды қазіргі күні мазалап отырған басты мәселе – жол болып отыр. Кеңес өкіметінен жұрнағы ғана қалған тас жолды жағалай қолдан жасалған далалық қатқақ жол ауа-райының қолайсыз кездерінде ми батпаққа айналып, ауданмен қатынасты одан сайын қиындата түседі. Осы мәселе шешімін тапса, ауылды көркейтіп, дамытуға мүмкіндік бар дейді ауылдық округ әкімі.

Қарақоға ауылдық округінде 4 ауыл бар. 220 үй қалған. Адам саны бір мыңнан сәл асады. Оның басым көпшілігі зейнеткерлер. Жергілікті билік мемлекеттік жобамен еліміздің оңтүстік өңірлерінен тұрғындар тартып көрген. Алайда, облыс орталығынан алыс, елдің шеті, ең бастысы жолы нашар деп бір жан да көшіп келуге келіспепті.

 

Даниел Шайынғазин