Ұлы даланың төсінде туып, ұлт руханиятының көкжиегін кеңейткен дана Абай - қазақтың мәңгілік мақтанышы. Оның әрбір сөзі жүрекке сәуле, санаға серпін, болмысқа бағдар береді. Бүгінде тек бір өңірдің емес, күллі қазақ елінің рухани түсбағдарына айналған Абай мұрасы ұрпақ санасын тәрбиелеуде өлшеусіз рөл атқарады. Ақынның терең ойға, кемел парасатқа құрылған шығармалары адами құндылықтарды ұлықтаудың, кісіліктің кәусар бұлағы. Осы ретте Қостанай өңірінің зиялы қауым өкілдері де хәкім Абайды тереңінен танып, ұғыну әр азаматтың парызы екенін айтады. Себебі Абайды тану – өзіңді тану, халқыңның болмысын бағамдау.