Қостанайдың ірілі-ұсақты сауда нүктелерінде қазір қауын-қарбыз толып тұр. Бұл уақытта жыл сайын әлі ерте деп санаса да, тұрғындардың кейбірі оны сатып алуда. Людмила Кузнецова, «көзім қызығып, алуды ұйғардым», дейді. Дегенмен, сапасын тексеріп алуды жөн санаған.  

Жоспарлы тексеріс аясында, бақша дақылдарының нұсқалары алынып, сараптаулар жүргізілуде. Қарбыз-қауынның тұтынушы денсаулығына залал әкелуіне, олардың құрамындағы нитраттың мөлшерден тыс болуы себеп, дейді мамандар. Сұраныстағы дақылдардың құрамын зерттеуден бұрын, сауда орнынан тауарға қатысты медициналық кітапша және азықтың сапасы мен қауіпсіздігіне кепіл болатын куәліктер талап етіледі. Өкінішке қарай, бұл тәртіптің сақталмау фактілері жиі кездеседі. Әсіресе, көшедегі базарларда.

Қарбыз-қауынды, жалпы бақша дақылдарын дала-көшелердегі базарлардан сатып алмауға кеңес береді санитарлық дәрігерлер. Олардың барлығы дерлік арнайы тексерістен өтпеген, медициналық тұрғыда жарамдылығы белгісіз екенін айтады.