Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көлік логистикасын дамытуға айрықша мән берген-ді. Осы орайда Тобыл-Торғай тұрғындары үшін ақжолтай жаңалық айтылды. Ол – Арқалық қаласын барынша дамыту. Атап айтқанда, Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын күре жол құрылысын бастау мәселесі. Сондай-ақ, шағын шаһардың әуежайын қайта қалпына келтіру жұмысы да назардан тыс қалмады. Президент тапсырмасына сай өңірде транспорт саласының дамуын қамтамасыз ететін елеулі мәселелердің шешімі мен жүйелі жоспары дөңгелек үстел аясында пысықталды.