Халық пен билік. Сезім мен қызмет. Бұл қазақтың жарық жұлдызы, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың қамшының сабындай қысқа, бірақ мазмұнды ғұмырының көркем көрінісі. Орда бұзар отызында жарық дүниемен қош айтысқан тұлғаның тағдыры сахна тілімен сөйлеп, көрерменнің жанын тербеді. Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Шоқан» қойылымының премьерасы өтті. Сәбит Мұқановтың пьесасы желісімен сахналанған спектакль рух пен парасаттың, жан мен жауапкершіліктің арасында өткен күрделі өмір жолының айнасы.