Бұл білім беру мекемесінде қыштан бұйым жасау үйірмесі осыдан үш жыл бұрын ашылған. Сол күннен бастап-ақ ол ұлттық қолөнерді дәріптеуді, ата-бабамыздан мирас болып қалған қыш өнерінің қыр-сырын үйретуді мақсат етті. Үйірме сабақтарында оқушылар саз балшықты илеуді, оны қалыпқа келтіру, ою-өрнек салу, күйдіру сияқты жұмыстарды меңгеріп келеді. Әрбір туынды – оқушының қиялы мен шеберлігінің жемісі. Бірі ұлттық нақыштағы тостаған, кесе, құмыралар жасаса, енді бірі заманауи үлгідегі сәндік мүсіндер мен шағын композициялар жасап жүр. Әсіресе, қазақы ою-өрнекпен көмкерілген бұйымдар мен кәдесыйлар көптің ыстық ықыласына бөленуде.