Көшпелілердің шахматына баланған тоғызқұмалақтың ЮНЕСКО қорғауында екенін көбі біле бермейді. Нано-технология дәуірінде, нану қиын болса да, бұл мәдени мұрамыздың мұрты бұзылмай сақталуына халықаралық ұйымның ықпалы бар. Қазақстаннан 2014 жылдан бері айрықша тізімге енген 13 элементтің, яғни күй, тоғызқұмалақ сынды көшпелі ұлттың бай мұрасының халықаралық деңгейде насихатталуы, қорғалуы ЮНЕСКО-ның назарында. Ол үшін сол байлықтың егесі, қайнары Қазақстан тарапының белсенділігі конвенция шартымен талап етіледі. Әр бес жыл сайын біздің тарап ұйымның бас штабына есеп тапсырады. Бес жылдықтың түйіні биыл желтоқсанда жасалады. Сол үшін арнайы сарапшылар тобының мүшесі Қостанай облысына келді.