23 мамырдағы шығарылымда қанның адам ағзасындағы рөлі, донорлықтың пайдасы және қан тапсыру процесі туралы айтылды. Бағдарлама барысында облыстық қан орталығында түсірілген кадрлар көрсетіліп, донор болуға қойылатын талаптар, медициналық шектеулер мен тексеріс кезеңдері түсіндірілді. Қан тапсыру арқылы жүздеген адамның өмірін құтқарып жүрген тұрақты донорлар – Леонид Яшков пен Ақылбек Жұматай өз тәжірибесімен бөлісті. Медицина мамандары донорлықтың тек мұқтаж жандарға ғана емес, донордың өз денсаулығына да пайдалы екенін атап өтті. Қан айналымын жақсартып, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектесетін бұл игі іске көпшілік шақырылды.