«Елбесік» бағдарламасының бұл шығарылымында Әулиекөл ауданына қарасты Көктал ауылына сапар шегеміз. Теректі өзенінің бойында орналасқан шағын ауылда 520-ға жуық адам тұрады. Жергілікті халықтың негізгі кәсібі — егіншілік. Ер азаматтар көктемнен күзге дейін алқап басында еңбек етеді. Ауылда соңғы жылдары мектеп, мәдениет үйі мен фельдшерлік пункт жаңадан салынған. Алайда дәрігер жоқ, тек медбике жұмыс істейді. Мектепте 86 оқушы бар, оқу кабинеттері мен психолог бөлмесі жабдықталған. Ауыл тұрғындары туған жерлерін жақсы көреді, жұмыспен қамту мәселесін екі ірі шаруашылық шешіп отыр. Келешекте Көкталға ауыз су тарту жоспары бар. Газ әзірге жоқ.