Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидаты құқықтық мәдениетті қалыптастырумен қатар, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты, жауапкершілікті нығайтуды көздейді. Осы бастаманы халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Қостанайда марафон ұйымдастырылды. Спорттық іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері және өзге де ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
«Құқықтық марафон - 2026». Осындай атаумен спорттық іс-шара триатлон саябағында мемлекеттік гимнмен басталды. Марафонға құқық қорғау және арнайы орган өкілдері, мемлекеттік мекемелердің, бизнес қауымдастық пен медицина ұйымдарының өкілдеріненен 12 команда және 300-ден астам қатысушы жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шараның басты мақсаты - халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қоғам арасында бірлік пен ынтымақтастықты нығайту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы құқықтық марафон алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналуы мүмкін. Себебі бұл бастама бір реттік спорттық жарыс қана емес, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және түрлі сала өкілдерінің өзара байланысын арттыруға бағытталған.
Осылайша «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеген құқықтық марафон қатысушыларға спорттық серпін беріп қана қоймай, құқықтық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың белсенділігін айқын көрсетті.